ТҰЛА БОЙЛАРЫҢ ТҰНЫП ТҰРҒАН НЫҒМЕТ, ОЙЛАН ДА ШҮКІР ЕТ!
Шүкір – жақсылық жасаушыға қарыздар екеніңді сезіну, оның алдында бас иіп, алғысыңды білдіру. Шүкір ету – пенденің Алла тағала алдындағы ең үлкен міндеті. Алла тағала өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесіне қанағат етуші құлдарын жақсы көреді. Өйткені Жаратқанның берген ырзығына шүкірлік ету иманның ажырамас бөлігі болып табылады. Сондайақ, Алла тағала Өзіне күпірлік қылмай, шүкірлік етуді бұйырған. Бұл жөнінде «Бақара» сүресінің 152-аятында: «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер», – делінген.
Ендеше, Жаратқанның берген өміріне, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкірлік қылу қажет. «Алла ештеңе білмейтін кездеріңде сендерді аналарыңның құрсақтарынан шығарып, сендерге құлақ, көз, жүрек берді. Бәлкім, шүкір етерсіңдер» («Нахыл» сүресі, 78-аят), – деген. Бұл аят арқылы өмірімізден бастап, дене мүшеміздің барлығы Алланың нығметі екенін ұғамыз.
Жаратылыста шүкір осыншалықты маңызды бола тұра, өкініштісі, адам баласының көбісі бұл қасиеттен мақұрым. «Сәба» сүресінің 13-аятында бұл шындық: «Құлдарымның арасында шүкір етушілер өте аз», – деп баяндалады. Әсілінде кімде-кім шүкір етер болса, Алла Тағала оның несібесін кеңейтеді. Бұл жайында Құран Кәрімде: Сонда Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, нығметімді еселей түсемін. Ал көрсоқырлық қылсаңдар, расында азабым қатты» деп білдірген еді» («Ибраһим» сүресі, 7-аят), – деп көрсетілген. Әлемге рақым ретінде жіберілген пайғамбарлар сұлтаны әз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде өз үмбетіне нығметке шүкір етудің сырларын түсіндірген. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Мүміннің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға бұйырылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді – сонысына сауап-сый алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді – онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы» (Мүслим риуаят еткен).
Тағы бір хадисте: «Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле» («Тәубе» сүресі, 34- аят) деген аят түскенде пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге сапарда жүр едік. Аят түскен соң сахабалардың бірі:
«Алтын мен күміс жайында түсті ғой. Енді қандай малды жиғанымыз дұрыс екендігін білгіміз келеді», – деді.
Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ең жақсысы – зікір етуден талмайтын тіл, шүкір етуден талмайтын жүрек, иманына тірек болатын мүмін жұбай», – деп шүкіршіл жүректің маңыздылығын түсіндіреді.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі Алланың нығметтеріне шүкір етуде үмбетіне үлкен үлгі. Ол түні бойы Раббысына құлшылық қылып, аяқтары ісінгенше намаз оқыған. Сонда оған жұбайларының бірі:
«Уа, Алланың елшісі! Өзіңізді неге соншалықты қинайсыз? Сіздің бұрынғы да, кейінгі де күнәларыңыз кешірілген жоқ па?» – дегенде, адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.):
«Олай болса, шүкір етуші пенде болуым керек емес пе?» – деп жауап береді».
Өмірдің кез-келген сәттерінде бақыттың қадірін түсініп, шүкір етіп жүру имандылықтың көрінісі. Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларының (р.а.) алдына шығып:
«Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?» – деп сұрапты. Сонда сахабалар (р.а.): «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!», – деп жауап береді. Пайғамбар (с.а.с.): «Имандарыңның белгісі қандай?» – деп сұрағанда сахабалар (р.а.):
«Бәле-жалаға сабыр, жағдайға шүкірлік, тағдыр-қазаға разылық білдіреміз», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Ендеше, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – дейді.
Сондай-ақ, Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) мына бір сөзіне ой жүгіртейік: «Сегіз нәрсе сегіз нәрсенің әшекейі.
Кедейліктің әшекейі – тілемсектіктен бойын тарту,
нығметтің әшекейі – шүкірлік ету,
бәле-қазаның әшекейі – оған сабыр ету,
білімнің әшекейі – салмақтылық,
шәкірттің әшекейі – өзін төмен ұстауы,
Алладан қорқудың әшекейі – көп жылау,
басқаға жақсылық жасаудың әшекейі – міндетсінбеу,
намаздың әшекейі – қорқынышпен оқу», – деген екен.
Мұсылман пенде нығметке қуанып, белгілі бір табысқа жеткенде, шүкіршілік етіп, Алланы мадақтап, ұлықтауы керек. Ол үшін «Әлхамдулилләһ» деп шын жүректен айтуы тиіс.
Пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген екен: «Алла Тағала кімге бес нәрсені берсе, үстеме ретінде тағы да бес нәрсе береді:
1. Шүкіршілік берсе, ризығын арттырады;
2. Дұғагөйлік берсе, дұғасын қабыл етеді;
3. Истиғфар тілеуді берсе, кешірім жасайды;
4. Тәубешілік берсе, тәубесін қабыл алады;
5. Жомарттық берсе, садақасын қабыл етеді».
Егер Алланың саған берген нығметін есіңе алатын болсаң, шашыңнан бастап аяғыңның ұшына дейін толған сансыз нығмет екенін түсінесің. Хақ Тағала: «Ол сендерге көрінетін және көрінбейтін нығметтерін сыйлады» деп осыған назар аудартады («Лұқман» сүресі, 20-аят).
Сонымен қатар «Ендеше, Рабыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер»?! («Рахман» сүресі, 16-аят),-дейді.
Иә, аяғыңнан айырылсаң жер бетінде жүру оңай бола ма?!
Егер аурудың себебінен ұйқысыздыққа тап болсаң, ұйқы ләззатын сезіну қалай болар екен!?
Қалаған тағаммен толтыра тойып ішіп жүрген асқазаның, ас қорыта алмайтын сырқатқа тап болса, жағдайымыз қалай болмақ?!
Еститін құлақ, көретін көз нығметіне ойланып қара.
Ыстық-суықты сезетін, алапестен аман болған теріңе қара.
Көзіңді таудай алтынға берер ме едің?!
Құлағыңды күміске сатар ма едің?!
Тіліңді патша сарайына айырбастап, мылқау болуды қалайсың ба?!
Бағалы маржан мен жақұтқа қолыңды айырбастап шолақ болуды қалайсың ба?!
Расында сен мол нығметке иесің, бірақ оның қадірін білмей жабырқаулы күн кешесің. Қолыңда бақыт кілті тұрса да, қолдың кірі ақшаға бола мазасызданасың. Нығмет – қазынаға толы байлық, соған ақыл жүгірт және шүкіршілік ет.
Жаббар иеміз: «Тұла бойларың тұнып тұрған нығмет, көрмейсіңдер ме?» («Әз-Зәрият» сүресі, 20-аят) дегендей өз бойыңа қарап ойлан, отбасыңа, туысқандарыңа, амалыңа, денсаулығыңа, достарыңа және айналаңа қарап пікір қыл. Өкінішке орай, Құранда айтылғандай:
«Олар Алланың нығметін мойындайды да кейін қарсы келеді» («Нахыл» сүресі, 83-аят).
Шүкіршілікті әр түрлі жолмен көрсетуге болады. Қолынан келмейтінін біліп, Алланың берген шексіз нығметтерінен ұялу, Оған аз шүкірлік ететінін мойындау да шүкірлік. Хақ Тағаланың жұмсақтығы мен жасырушы екенін білу, берген нығметтеріне кішіпейілділікпен қарап, оны көркем түрде пайдалану, кішігірім нығметтің өзін ең үлкен нығмет деп қабылдау, Жаратушымыздың берген нығметтеріне шүкірлік қылу керек екенін үйреткен адамға рахмет айту – осының бәрі де өз кезегінде шүкіршілік.
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім адамдарға шүкірлік етпесе, Аллаға да шүкірлік етпейді» деген (Тирмизи).
Әбу Бәкір (р.а.): «Пайғамбарға (с.ғ.с.) қуанышты хабар келсе немесе Алла Тағала оны сүйіншілесе, дереу шүкірлік ету үшін сәждеге жығылатын», – деген.
Мұндай шүкір сәждесі естеріңізде болсын, дәретпен де, дәретсіз де жасала береді. Алла Тағаланың берген көзге көрінетін сыртқы нығметтері және көзге көрінбейтін ішкі нығметтері бар:
1. Көзге көрінетін нығметтерге: Денсаулық, мал-байлық, жақсы қызмет-мансап және т.б.
2. Көзге көрінбейтін нығметтерге: Тура жолда болу, ынталы жүрек, Аллаға ризалық білдіру, Алланы жақсы көру, көркем мінез және т.б. жатады.
Адамдардың көбі елей бермейтін ұлы нығметтер де бар. Әрине, оны білмегендіктен адамдардың көбі оған шүкіршілік етпейді.
«Судың да сұрауы бар» демекші, бір иманды жан мұсылмандардың басшысына кіріп, оған су ұсынады да: «Уа, мұсылмандардың басшысы! Егер дүние және ондағы қызықты мына бір жұтым суды ішу үшін пида қылар ма едіңіз?» дегенде ол басын изейді.
Сонда әлгі:
«Ендеше, суды ішіңіз, Алла берекесін берсін» – деп ризалығын танытыпты.
Кейін суды ішіп болған соң:
«Уа, мұсылмандардың басшысы! Егер дүние және ондағы қызықты мына бір жұтым суды қайта шығару жолында пида қылар ма едіңіз?» – дегенде, тағы да бас изейді.
Сонда жолаушы: «Сол бір жұтым су бүкіл дүниемен салыстырғанда сіз үшін қайырлы, – деп мұсылмандар үшін дүниенің Алланың берген бір жұтым су нығметінің жанында қадірінің қаншалықты екенін көрсеткен.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шүкіршілік етіп, әрдайым құлшылықты ұмытпауға үйрететін бір дұғасы бар. Онда былай делінеді: «Иә, Алла! Біздің саған шүкіршілік етіп, Сені әрдайым еске алып, Саған көркем түрде құлшылық етуімізге жәрдеміңді бер!» (Ахмад, Әбу Нағим)
mazhab.kz